Бал арасы – бақуаттылықтың бастауы
19 января, 2025
Ел еңсесін көтеретін құдірет еңбек дейтін болсақ, тырбанып тіршілік еткен кез келген қарекет тым жақсы. Ал бал арасын баптау – өзгеше өнеге. Жеке кәсіпкер Сергей Шмидтпен облыс орталығындағы базарда жолықтық. Бал іздегенбіз. Сатушы болғанымен, сапасы әрқилы болуы әбден мүмкін. Таңдаудың өзі бір машақат. Тұтынушыларға бал ұсынып тұрғандардың бәрі дерлік – өзге ұлт өкілдері. Араның тілін ұғатындар осылар ғана тәрізді. Әлден уақытта «Аға, менің балымды алсаңызшы», деген дауыс естілді. Назар салсам, сарғыш өңді өзге ұлттың азаматы. Тілі тіпті жатық. Кейбір ағайыннан артық. Сөйтсем, Сергей Мартынович Зеренді ауданына қарасты Ескенежал ауылының тұрғыны екен.