Білімді маман, білікті басшы, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейдің директоры Сафура Сейдуәлиқызы білім саласындағы соңғы жаңалықтар, орын алған ауыс-түйістер және басқа да түйіткілді мәселелер туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.

— Сафура Сейдуәлиқызы, әңгімемізді қазір қоғамдағы ең көп талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заңнан бастасақ. Осы заң қабылданарда нақты кімдердің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды?
— Биылғы жыл педагогтар үшін жақсы жаңалықпен басталды. Бұл – екі жылдан астам уақыт бойы талқылауда болған «педагог мәртебесі туралы заңның» қабылдануы. «Педагог мәртебесі туралы заң» тек қана білім министрлігің тарапынан емес, жалпы педагогтар қауымдастығының және қоғамның кез-келген өкілінің қатысуымен жасалған заң деп айтуға болады. Кейбір ұсыныстар бұл заң жобасында қаралып өзінің шешімін тапты, кейбірі қаралған жоқ. Дегенмен бұл жерде де қуантатын нәрсе көп. Бұған дейінгі айтылған мұғалімдердің құқықтарының қорғалмауы, әлеуметтік жағдайы, мұғалімдердің үстемақыларының аз болуы, олардың көп жағдайда өз функциясынан тыс жұмыстарға тартылуы сияқты түйіткілді мәселелер осы заңда қарастырылып, өз шешімін тауып отыр.

— Бұл заңдағы сізді қуанқан үш жаңалықпен бөліссеңіз?
— Бұл заңдағы мені қуантқан үш жаңалық: біріншісі – педагогтардың негізгі қызметінен тыс, яғни оқыту-тәрбиелеу процесінен басқа жұмыстарға тартылуын тоқтатуға ерекше көңіл бөлінгені. Жергілікті әкімдіктер болсын, кейбір қоғамдық ұйымдар болсын мұғалімдерді енді негізгі оқыту процесінен тыс жұмыстарға тарта алмайды. Бұл – бір қуантарлық жағдай, себебі бұған дейін біз осындай мәселелердің көп болғанын білеміз. Екінші – мұғалімдердің ар-намысын, құқығын қорғау туралы мәселе. Мұғалімдерге жазықсыз жала жабу немесе олардың ар-намысына тиетін сөздер айту, тіпті кейбір жерлерде қол жұмсауға дейін бару жиілеп кеткенін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп жатырмыз. Сондай жағдайлардың бәрінде айыптыларды жауапқа тарту мәселесі қаралған. Дегенмен бұл мұғалімдердің жауапкершілігін еш төмендетпейді. Мұғалімдер, керісінше мемлекет тарапынан осындай қолдауларды сезіне отырып, негізгі жұмысқа яғни бала оқытуға деген көзқарасы, біліктілік сапасы жақсарады деп сенемін. Үшінші жағдай – магистр дәрежесі және тәлімгерлік үшін қосылатын үстемақы көлемі. Тәлімгерлік кеңестік дәуірден бері келе жатқан жүйеде бар, дегенмен кейінгі жылдары тәлімгерлікті жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес, қазіргі педагогтардың кәсіби біліктілігін дамытудағы өзгерістерге сәйкес әртүрлі қарастырып келгенбіз. Қазір педагогтар тәлімгерлік үшін қосымша үстемақы ала алады. Үстемақы алғандықтан сұраныс та көбейеді. Мектеп қабырғасына мұғалім болып жаңа ғана орналасқан маманды алғашқы жылдары болатын әртүрлі қорқыныштар мен кедергілерді жеңуге, педагогикалық мамандыққа әбден бейімдеуге ықпал етеді. Бұл бізге кадр мәселесін шешуде де өз көмегін тигізеді. Себебі жас мамандар алғашқы кедергілерден, алғашқы қорқыныштардың себебінен бірден педагогикалық қызметтен бас тартып кетпейді. Және магистрлерге төленетін үстемақының пайдасы көп болар еді. Оларды мектептің ішкі-сыртқы, талдау-зерттеу диагностика жасау, аналитика жасау сияқты жұмыстарына тартуға мүмкіндік туады. Себебі магистрлер – зерттеумен айналысқан мамандар десек олардың өз деңгейіне сай үстемақы алуы – стимул ғана емес, мектептің жұмысын жақсартуға үлкен үлесін тигізері анық. Мен жалпы педагог мәртебесі туралы заңдағы өзім қуанған үш жаңалық деп осыларды айтар едім.

— Осы «Педагог мәртебесі туралы» заңға енбей қалған педагогтар үшін өзекті қандай мәселелерді айтар едіңіз?
— Ал енді «Педагог мәртебесі туралы» заңға не енбей қалды? Педагогтар қоғамдастығындағы тарапынан жиі қарастырған ұсыныс – педагогтардың зейнеткерлік жасқа шығу мәселесі болатын. Бірақ бұл мәселе заңға енбей қалды. Менің де жеке басқосуда айтқан ұсынысым болған. Әртүрлі салада, мысалы ішкі істер саласындағы адамдардың өздерінің жеке госпитальдары бар, жеке ем ала алады, жылына бір рет тексерістен тегін өтеді. Сол сияқты педагогтардың да салалық денсаулық мекемесі болғанын дұрыс санаймын. Жылына бір рет толық тексерістен өтуі үшін және әртүрлі ем қабылдауы үшін тікелей сол жерге барса, жеке денсаулық сақтауына қолдау көрсетілсе деп ұсыныс айтқан едім. Бұл да енгізілген жоқ.

— Жалпы сіз үшін мұғалім болу қиынырақ па, әлде мұғалімдерді басқару қиынырақ па? Өзіңіз басшы ретінде ұжымыңызға қандай талаптар қоясыз?
— Екеуі де бірдей деп айтар едім. Мұғалім ретінде сыныптағы балаларды, оқушыны оқыту процесін басқарасың, ал әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі пәнді оқытатын, психологиясы әрқилы мұғалімдерді басқару – ол да бір қызықты процесс. Мен мұғалімдікті де, басқару саласын да біреуін оңай, біреуін қиын деп бөліп-жарып айта алмаймын. Мұғалім болу — үлкен жауапкершілік. Себебі, мұғалім – мектептің өзегі, жүрегі, мектептегі кез-келген процесс мұғалім арқылы жүзеге асады. Білім мұғалім арқылы беріледі. Мұғалім әр баланың жан-дүниесімен жұмыс істейді. Оның қабілеті қандай, оның танымдық сұранысы қандай, ол баланы қай жағынан қолдау қажет, қандай кедергісі бар немесе бүгінгі көңіл-күйі қандай, соның бәрін зерделей отырып қажетті мәліметті беру – мұғалімге артылатын жауапкершілік. Ал басқарушы ретіндегі жауапкершілік – бұл ұжымда ортақ мәдениет қалыптастыру, ұжымдағы әрбір педагогті сапалы жұмысқа ынталандыру, мотивация беріп қолдау. Сондықтан да екеуінің салмағы бірдей. Менің жалпы басшы ретіндегі ұжымға қоятын талаптарым көпшілікке мәлім. Ең басты талабым: мектептің иесі – оқушы. Яғни метепте оқушыға бар жағдай жасалуы қажет. Мектепте оқушы өзін бақытты сезінуі қажет. Академиялық тұрғыдан білімі төмен болып жатса да бала үйге уайыммен, қорқынышпен, немесе күйзеліп қайтпауы керек. Бала мектепте оны тыңдайтын, жеке тұлға ретінде қабылдайтын адамдар бар екенін білуі керек. Мектепте оқушының дауысынан артық ешкімнің дауысы шықпау керек. Оқушыға айғайлауға, күлуге, жүгіруге, басқаға рұқсат етіледі, ал мұғалімнің немесе басқа қосалқы қызметкерлердің дауыс көтеруіне рұқсат етпеймін. Екінші талап – адамға құрмет. Ол оқушы ма, әріптесі ме, қосалқы техникалық қызметкер ме, ата-ана ма – бәрібір. Өзара адамға деген құрмет болмайтын болса, ол ұжымда да, мектепте де жұмыс жүрмейді. Мұндай жағдайлар ұжым болған соң кездесіп жатады. Жалпы, мұғалімге қиындық тудыратын оқушылар, ол қандай оқушылар? Олар не өте көп білетін оқушылар, немесе үнемі ізденетін оқушылар, немесе өте шапшаң оқушылар. Мұғалімдер сол оқушылардан өздерін алшақтатқысы келеді. Ата-анасына айтып, басқа мектепке ауыстырып жібергенді қалап тұрады. Мен ондай талапқа үзілді-кесілді қарсымын. Оқушының мүддесіне қарай жұмыс істеу, әр адамға, әр оқушыға құрмет көрсету – менің өз ұжымыма қоятын басты талабым.

— Өз статусыңызды қолдана отырып білім ордасында нақты қандай реформа жасай алдыңыз?
— Мектептердің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер бар. Оның барлығы регламенттелген, дегенмен, біздің мектептерде сабақты өткізу, ұжымдық мәдениетті қалыптастыруда ерекшеліктер бар. Бірақ оны реформа деп айтпас едім. Бірінші, бізде тағылым сериясымен пәндік кабинеттерге нақты атау берілген. Көптеген мектептерде қазақ тілі кабинеті, орыс тілі кабинеті, биология кабинеті т.б аталса, біздің мектепте ондай кабинеттер жоқ. Әр кабинеттің өзіндік атауы бар. Атамекен оқу кабинеті, Таным кабинеті, Дәстүр кабинеті, ерлік кабинеті, Әлихан Бөкейхан кабинеті, Абай кабинеті, Мұхамеджан Тынышпайұлы кабинеті, Ахмет Байтұрсынұлы кабинеттері бар. Екіншісі – 9, 10, 11 сынып оқушыларынан 4 директор кеңесшісін таңдау. Кеңесшілер оқушыларға ықпал етіп қана қоймай, өз идеяларын біздің қолдауымызбен жүзеге асыра алады. Келесі ерекшелік – мектепте мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де психологиялық релаксация кабинетін жасадық. Бұл кабинеттерде мұғалімдердің 15-20 минут ұйықтап, тынығып алуына жағдай жасалған. Тағы бір атап өтетін нәрсе «Достық түзетуші сын» («Kindly friendly critical») атты топ құрылды. Сыныпішілік, балалар арасында туындаған әртүрлі жағдайлар, келіспеушіліктер мұғаліммен және осы топпен талқыланады, керек жағдайда ата-аналардың да қатысуына рұқсат. Бұл – жазалау емес, керісінше мұғалімге көмек көрсету. Басқа ұстаздар да өз тәжірбиелерімен бөлісіп, мәселені бірігіп шешуге тырысады.

— Сіз әрдайым шетелдерден әртүрлі тағылымдамалардан өтіп, тәжірибелер алмасып, үздіксіз даму үстінде жүресіз. Бұған басқа директорлардың, педагогтардың да мүмкіндігі бар ма? Болса қаншалықты дәрежеде пайдаланып жүр?
— Мен Жапония, Ұлыбритания, Швейцария, Ресей, мектептерінің тәжірбиесімен тікелей барып танысуға мүмкіндік алдым. Біздің мектептің көптеген мұғалімдері Австрия, Финляндия, Ресей сияқты алыс-жақын шетелдерде тағлымдамадан өтті, жақында қазақ тілінің мұғалімдері осы мақсатта Жапонияға аттанбақ. Нұр-сұлтан қаласында ұстаздардың шетелмен тәжірбие алмасуына жағдай жасалған, себебі мектептер 2018 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіп кетті. Мектептің даму бағдарламасында да бұл мәселе арнайы қаржыландырылған. Тәжірбие алмасуға Нұр-Сұлтан қаласындағы әрбір мұғалімнің, әрбір директордың мүмкіндігі бар.

— Мектепті басқарудағы қателіктер деп не нәрселерді атап айтар едіңіз?
— Мектепті ғана емес, жалпы ұжымды басқарудағы қателіктер – ұжымға еркіндік бермеу, жоспардың бәрін өзің құрып, айтқаныңды орындатуға тырысу, ұжымдағылардың барлығын бір қалыпта ұстау, бірдей талап қою дер едім. Екінші қателік – басшы тарапынан мұғалімдерге деген әділетсіздік. Бұл мұғалімдердің, ұжымның басшыға деген сенімін азайтады. Бағалауда, марапаттауда, тапсырма беруде – барлығында әділдік болуы керек.

— Жалпы, ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап үйретуге деген жеке көзқарасыңыз қандай?
— Ағылшын тілі мен орыс тілін бастауыштан бастап оқытуға жеке өзім қарсымын және білім берудегі біздің кемшілігіміз деп санаймын. Әлі ана– оның миына едәуір салмақ салады. Шет тілдерді орта буыннан бастап оқытса да жеткілікті деп есептеймін.

— Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Жаңа әліпбиді оқушылар қаншалықты тез меңгереді деп ойлайсыз?
— Латын қарпіне көшу жұмыстары уақытша тоқтатылғаны белгілі. 2018 жылдан бастап біздің мектеп екі әліпбиді де Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты тікелей жолдайтын тапсырмалар арқылы сынамадан өткізді. Бұл тәжірбие бізге жастар мен оқушылардың латын әліпбиін тез меңгеретіндігін дәлелдеп отыр.

— Мектебіңіздегі Әлихан Бөкейханұлының мұражайы қалай ашылғаны туралы хабардармыз. Қазіргі таңдағы мұражай жұмысы туралы айта кетсеңіз?
— Мектебіміздегі Әлихан Бөкейхан мұражайы 2019 жылдың 18 наурызында ашылды. Бұл мұражай біздің ұжымның үш жылдық еңбегінің жемісі. Бізбен бірлесе жұмыс істеген ғалымдардың да еңбегі. Мектебіміздегі «Заңғар» театры 2016 жылы Әлихан Бөкейханұлы туралы қойылым қойды. Сол театрда өнер көрсететін оқушылардың Әлиханның өмір жолына, өнегесіне деген қызығушылықтары пайда болды. Сол кезде Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Аққұлұлы сияқты алаштанушы ғалымдар біздің мектепке Әлихан есімін беруді ұсынды, артынша мектебімізде музей ашылды. Бүгінде мұражай – біздің аса жоғары құндылығымыз.

— Мұғалімдердің көп елене бермеуіне қазіргі педагогтардың біліктілігінің аздығы себеп болуы мүмкін бе?Нағыз педагог қандай болуы керек?
— Мұғалімдерді жалпы көп елене бермейді деп айта алмаймын. Мұғалімдер туралы тек негативті әңгімелер көбейіп кеткендіктен, білікті ұстаздардың жетістіктерін, бағындырған белестерін дәріптеу үшін әлеуметтік желіге тіркелдім. Біліктілігі аз, педагогикалық салада «адасып» жүрген мамандар болды, қазір де жоқ емес. Өз ұжымымда болсын, кез-келген ортада болсын ондай мамандарға өз орындарын тапқаны дұрыстығын айтып отырамын. Себебі педагогикалық мамандыққа жауапкершілік керек. Қазірге дейін мектепте орташа оқығандардың барлығы мектепке мұғалім болып келетіні жасырын дүние емес. Бірақ қазір қабылданып жатқан заңдар бойынша, талаптар бойынша келешекте педагогикалық мамандыққа тек үздік оқыған, білімді жастарды сұрыптап алады деп ойлаймын. Шын мәнінде санақ жүргізер болсақ, бәрібір де білікті ұстаздардың саны көп деп сеніммен айта аламын.

Сонда ұстаздар туралы мұндай түсініктер не себепті қалыптасып отыр деп ойлайсыз?

— БАҚ өкілдері ұстаздардың жұмысындағы олқылықтарды, қателіктерді ғана жазып, жарнамалайды. Бұл мәселе осыдан ғана туындап отыр.

— Еліміздегі мектептер жаңартылған мазмұнға біртіндеп көшіп жатыр. Сіз басшылық ететін оқу ордасындағы жаңа бағдарламалар мен әдістер туралы айтып өтсеңіз.

— Жаңартылған білім мазмұнына кіруге соңғы қадам ғана қалды. Келесі жылы мектебіміз толығымен көшіріледі. Оның артықшылықтары өте көп. Бірақ ата-аналар тарапынан эмоцияға берілу, сынға алу көп кездесуде. Жаңартылған білім мазмұнын оқушылар түсінсе жеткілікті деп ойлаймын.

— Жаңартылған білім мазмұны бізге не береді?
— Жаңартылған білім мазмұнының негізгі идеясы – білімнің тек жаттанды түрде емес, қолданбалы жағына мән беру. Мектептегі шектен тыс көп шараларды қысқартып, білімге мән беру.

— Білім берудегі шетелдік әдістердің артықшылығы қандай? Мағжан, Ыбырай, Ахметтер жазған әдістемелік құралдар қазіргі білім жүйесінде қолданыла ма?
— Шетелдік әдістердің ішінен өз менталитетімізге сай, ұлттық болмысымызға келетін тиісті әдістерді таңдап алу әр педагогтің қолынан келеді. Мағжан, Ыбырай, Ахметтердің әдістері нақты сол қалпында қолданылмаса да, жаңартылған білім мазмұнының негізгі идеясы – солардікі. Себебі оқушының жан-дүниесін түсінбей, зерттемей, оны белгілі бір белесті бағындырады деп айту – қателік.

— Қазір мектеп пен ата-ананың арасындағы байланыс қандай?
— Қазір ата-ана мен оқушының арасындағы байланыс өте жақсы. Біздің мектепте жылына 2 рет 10 күн ата-аналар үшін ашық есік күні өтеді. Ата-аналарға жеке конференция өтеді. Ата-аналар баласы туралы, оқу үлгерімі, тәртібі туралы сол жерден біле алады. Осыдан бөлек ата-аналар сағаты өтеді. Биыл қатарынан үшінші жыл ата-аналар мектепті көгалдандыру жұмысына қатысып келеді, тал егеді, гүл отырғызады. Ата-анамен бірге жұмыс істеу мектептің жұмысын жеңілдетеді.

— Ата-аналар оқу бағдарламасы балалар өз бетінше меңгере алмайтындай дәрежеде күрделі деп шағым айтады. Балаларды өз бетінше жұмыс жасауға қалай үйрету қажет деп ойлайсыз?
— Мектеп табалдырығын аттаған балалардың ата-анасынан балаларын ақылы түрде сабақ оқытатын қосымша мектептерге немесе мұғалімдерге жүгінбеуін талап етемін. Бірінші сыныптан бастап үй тапсырмасын оқытатын мұғалімнің көмегіне жүгінген оқушы кейін өз бетінше оқып кетуі екіталай. Бірінші сыныптан балаға қателесуге, қателігін түзетуге мүмкіндік беру керек.

— Білім беруде ақпараттық технологиялар қаншалықты пайдаланылуда? Білім саласының сандық жүйеге көшуінің оң және теріс әсері?
— Бізде тек техниканы қолдану ғана бар, Қазақстан бойынша ақпараттық технологияларды қолданамыз деп айту әлі артықтау. Сандық жүйеге көшу көбіне оң әсерін береді. Өйткені бұл – заман талабы. Теріс әсері – біздің шектеу қоя алмауымыз, оқушылардың контентті, ақпаратты талғай алмауы деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет!

 

qazaqmektebi.kz