Мектеп формасының пайда болуы мен даму тарихы тым әріде жатса да, оның төңірегіндегі дау әлі де толастамаған. Мектепте жалпыға тән белгілі бір киім үлгісінің болуын қолдайтындар оның балаларды тәртіпке үйретіп, оқу ордасынан әлеуметтік теңсіздіктің белгілерін азайтатынын алға тартады. Қолдамайтындар болса керісінше біркелкілікке қарсы және мектеп формасын артық шығын деп есептейді. Ал тіпті кейбір елдерде мектеп формасы сол мемлекеттің тарихындағы еске алуға ауыр күндермен байланысты екен.

Алғашқы мектептер бұдан 4 мың жыл бұрын Шумерде пайда болған. Сол кезден бастап-ақ оқушылардың сыртқы кескін-келбетіне мән беріле бастаған. Б. з. б. 2000 жылға жуық жазылған балшық тақтайшаларда мектеп формасы туралы жазылған жолдар бар.

Тарихшылар мектеп формасын XVI ғасырда жетім және асырап алған балаларға арналған ағылшын қайырымдылық мектептерінде пайда болғанын алға тартады. Лондон тұрғындары мұндағы тәрбиеленушілерге қайырымдылық жасау мақсатында киім-кешектерді көптеп әкелетін болған. Қызығы, сол киімдердің арасында көк түсті ұзын пальто жиі кездесетін болған. Соңында бұл қайырымдылық мектептерге «bluecoat schools» (от blue coat — көк пальто) деген лақап ат берілді. Сол мектептердің бірі 1552 жылы құрылған Christ’s Hospital болды. Бұл мектеп бүгінгі күнге дейін жұмыс істейді және тәрбиеленушілердің киетін формасына айналған көк пальто әлі өзгерген жоқ. Бірнеше жыл бұрын мектеп әкімшілігі өз оқушылары арасында формадан бас тарту –тартпау жөнінде сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың 95% — ы дәстүрді сақтауды таңдаған.

Ұлыбританияда басқа да көне мектептер бар. Мысалы, Лондон Harrow оқушылары сабан қалпақтарды әлі киеді. Қалпақты кимеуге желді күндері ғана рұқсат етіледі.

Мектеп формасының үлгісіне тек дәстүр ғана емес, климат да әсер етуі мүмкін. Мысалы Австралияда кейбір мектептерде жеңіл жаздық киімдермен жүруге рұқсат етіледі..

Белгілі бір мектеп формасының болуын дұрыс санаушылар оның тәртіпке үйретіп, мектептен оқушылардың әлеуметтік теңсіздігінің белгілерін байқатпайтындығын айтады.  Рас, бірақ Африканың кедей елдерінде бұл жағдай керісінше сипат алған: онда форманы сатып алуға ақшаның болмауы кедей отбасынан шыққан балаларға мектепке баруға жиі кедергі келтіреді. Мектеп формасының қымбат болуы жүздеген адамның өліміне және мемлекеттік төңкеріске дейін апарған.

Мектеп формасының тарихы Ресейде 1834 жылы Николай І азаматтық мундир туралы Ережеге қол қойғаннан басталды.  Бұл құжат гимназистердің костюмін регламенттеді. Қыздарға арналған форманы кейінірек, 1896 жылы бекітті. Ресей империясының құлауына дейін ұлдар қара шалбар, гимнастерка, фуражка және шинель киген, ал қыздар қара фартук (немесе мерекелерде ақ) қоңыр көйлектер киген. Революциядан кейін форма жойылды, алайда 1949 жылы қайта енгізілді. Кеңес үкіметі кезіндегі оқушылардың формасы революцияға дейінгі формалардан айырмашылығы аз. Тек 1962 жылы ұлдар гимнастеркалар мен фуражкаларды сұрға, кейін көк костюмге ауыстырды. Қыздар қара фартук, ақ жағалы қоңыр көйлектерді киюді жалғастырды. Кеңес оқушысының белгісі —  қызыл Пионер галстугі болды. Бұл формалардың тарихы белгілі бір дәрежеде қазақ мектеп формасының тарихының бастауы деп қарауға да болады.

1980 жылдардың басында форманы баланың жасына қарай киіп жүру туралы қаулы шықты. Нәтижесінде қыздар бұрынғы киетін фартукты формалары тізенің астына түсіп тұруы тиіс болды да, ұл балалардың формаларын шалбарлы костюмдер алмастырды. Түсі және алдыңғы т.б сол қалпында қалды.

Тәуелсіздік алғанан кейін мектеп формасы туралы ешқандай заң болмады. Ұлдар ақ көйлек, қара немесе қара көк түсті шалбар, қыздарда сәйкесінше ақ жейде, қара, қара көк түсті белдемшелер киді. Кей мектептерде фартук түріндегі мектеп формалары сақталды. Тек 2006 жылдан бастап қана, бірыңғай мектеп формасына көшу туралы заң қабылданды. Мектепектеп формасы бір жүйеге келтірілді.

 

qazaqmektebi.kz