Үздіктер тізімін облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина бүгінгі тамыз кеңесінде атап өтті.

— Облыс бойынша Қазақстанның үздік 100 олимпиадалық мектебінің қатарына  №8 лицей, №3 гимназия, «Жас дарын» мектебі, жасөспірімдерге арналған «Білім-Инновация» лицейі, облыстық көпсалалы лицей-интернаты, Павлодар қаласының №35, Ақсу қаласының №14 және Екібастұздың №17 мектептері кірді, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Самал Айтқазина өңірдегі білім беруді дамыту туралы «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық кәсіби шеберлік байқауында павлодарлық студенттер 13-ші позициядан төртінші орынға көтерілгенін де тілге тиек етті.

— Мектептерде және қосымша білім беру ұйымдарында шығармашылық үйірмелер мен спорт түрлеріне қатысатын балалардың саны күн санап өсіп келеді. Мәселен 40 мыңнан астам бала спорттың 36 түрімен айналысады, — деді ол.

Еске сала кетейік, кеңесте Павлодардағы жекеменшік мектептердің санын арттыру ұсынылды. Сонымен қатар, қалалар мен аудан әкімдерінің білім гранттарын қайта беру мәселесі сөз болды.