«ТОПЫРАҒЫҢДЫ СҮЙДІМ СЕНІҢ, ҚОҢЫРӨЛЕҢ, КӨКТЕМДЕ» RU
Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, Жетісу жақтан жылы леп еседі. Оған себеп қазақтың аяулы ақыны Гүлбақыт Қасеннің «Қоңырөлең» атты поэзия кешінің өтуі. «Janr» әдеби клубы ұйымдастырған ерекше читкада келген қонақтар өлең өлкесіне сапар шегіп, поэзияның саф ауасымен тыныстап, жауһар жырмен сусындарын қандырып қайтты.
Шағын ғана поэзиялық кеште дарынды оқушылар өлең оқыды. Әр шығармадан киелі қара өлең мен қасиетті туған жерге деген құрмет пен махаббат сезіліп тұрды. Жалпы бұл кеш қалыптасып қалған сеңді бұзды деп айтуға болады. Өйткені, біз көріп жүрген біраз кеште өлеңнен көрі мақтау сөз көп айтылады. Ақын мен жүргізуші сахна төріне шығып, екеуі кезектесе сөйлей бастағанда келген қонақтар зеріге түседі. Бұл жолы бәрі басқаша өрілді. Сахана әдемі безендірідіп, театрландырылған қойылым келген қонақтарды әсерлі сезімге бөледі. Көрерменнің ыстық ықыласы ұрылған шапалақтан айқын сезілді. Өлең құдіреті жанарға жас ұялатты.
Аталмыш клубтың мүшелері көрерменмен қатар отырып бастан-аяқ кешті тамашалады. Тіпті, «Ақындар бұрынғы читкадағы сияқты өлең оқымай ма?» деген сауал да жолданып жатты. Кешті жаңа форматта ұйымдастырған режиссер басқа ақындарды былай койғанда Гүлбақыт Қасеннің өзіне тек бір өлең оқуға рұқсат беріпті. Патша көңілді көрермендерді періште қалпымен, таза пейілмен поэзия нұрына шомылдырған дарынды оқушылар болды. Осы орайда шәкірттерін саф өнердің шыңына шығарып жүрген Талдықорған қаласындағы №4, 17, 18 орта мектептің ұстаздары қандай құрметке болмасын лайық.
Ақынның жырларын жүректерге жеткізе білген дарынды оқушылар: Айғана Бердіхан, Марзия Нұрислам, Ерасыл Нұрдаулет, Мубина Нұрқасым, Бибінұр Әделбаева, Әлібек Мерекеұлы, Абылай Абайұлы. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздар Мәдина Жомартқызы, Әйгерім Қанатқызы да оқушылармен бірге сахнада өлең оқыды.
Алдыңғы буын Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахман ақын қыздың шығармашылығы туралы жақсы пікір айтты.
–Жүрегімдегі қоңырөлеңімді аялап, әлдилеген, маңдайымнан сипаған баршаңызға шексіз ризашылығымды білдіремін. Өнерлі оқушылардың киелі сахнаға шығуына мүмкіндік берген мектеп басшыларына алғыс айтамын. Мемлекеттік қызметтің жауаптылығын сезінемін, ол жерде «өлең жазатын едім» деп еркелеп жүруге еш болмайды, елге адал қызмет ету жолында аянбаймын. Жүрегімді кірлетпей, өлеңімді өбектеп келемін. «Жалғыз ағаш орман болмас»». Менің қара орманым, жақындарым, тілекшілерім, оқырмандарым, баршаңызға бас иемін. Сіздерге Алланың шексіз нұры жаусын. Қараңғыдан жарықты, жамандықтан жақсылықты, қаталдықтан мейірімді, суық-ызғардан жылылықты, бар әлемнен махаббат пен сұлулықты ғана көргім келетін жүрегіммен Сіздерді жақсы көрем, – деген Гүлбақыт Қасеннің жүрек шымырлатар сөзі көпшіктің көңілін көкке көтерді.
Олай болса ақынның өлеңін бірге оқиық…